Жас өнертапқыш: Жобамды ана тілімде қорғасам, артықшылық болатынын сездім
2023 жылдың қазан айында Астанада өткен Digital bridge форумы аясындағы стартап жобалар байқауында жартылай финалға шыққан 100 жобаның тек біреуі ғана қазақ тілінде қорғалды. Ол – бионикалық протездер жобасын ұсынған қазақстандық жас өнертапқыш Мұхамеджан Кеңесбектің жобасы болатын.
«Жартылай финалға біз 89-шы болып шықтық. Және бұл байқауда қазақша «сөйлеген» жалғыз жоба біз болдық. Әрине, шет елдерден де қонақтар келгенін ескеріп, презентацияны орысша ұсындық. Залда отырғандардың ілтипатына қарап, бізді барлығы түсінді деп ойлаймын. Жобамды ана тілімде қорғасам, артықшылық болатынын сездім», - дейді ол.
Tartu – көшпенділердің дәстүрімен жасалған таңсық ас
Tartu – ел нарығына тұңғыш рет қақталған қой етін ұсынатын отандық бренд →
Мұхамеджанның айтуынша, дәл осы тұста ол өзі таңдаған сала бойынша базалық білім және тәжірибе жинақтай бастайды. Оның әу бастағы негізгі мақсаты – физикалық мүмкіндігі шектеулі інісіне көмектесіп, протез жасау болатын. «Бала кезімдегі қызығушылығым кәсібилікке ұласып, өзім жасаған құрылғылар негізінде қоршаған ортадағы ауқымды проблемалардың шешімін табуға болатынын түсіндім. Сөйтіп, бүкіл Интернетті ақтарып, ашық деректердегі барлық ақпараттармен танысып, протезді қалай жасау керек дегеннің жауабын іздедім. Нәтижесінде – аса сапалы болмаса да, ініме қажет протезді жасап шығардым. Сол кезде інімнің қуанғанын көріп, осындай өнім арқылы айналама көмектесе алатыныма көз жеткіздім», - деп әңгімелейді жас өнертапқыш Мұхамеджан Кеңесбек. Әрине, уақыт өте ол бұл тұрғыдағы білімін шыңдап, жетілдіруге көңіл бөліп, алғашқы прототипті жасау барысында жіберген қателіктерін талдап, сарапқа салуды да ескереді. «Протездің бірінші нұсқасын жасау барысында жіберілген қателіктерді талдап, оларды түзету аясында Интернеттегі барлық ашық ақпараттан бас тарттым. Енді тек өзіміздің қайталанбас өніміміз болатын, бірегей дүние жасаймын деген шешімге келдім. Протезді дамытудағы негізгі мотивация –физикалық мүмкіндіктері шектеулі адамдарға күнделікті өмірге толыққанды қатысуға мүмкіндік беру болатын», - дейді ол.
Ол, сондай-ақ бұл протездер суға төзімді деп отыр, демек оларды әртүрлі жағдайларда пайданалу мүмкіндігі зор. Сонымен қатар, жас өнертапқыш протездегі «алақанды» жедел шешу үшін онда арнайы жүйе орнатылғанын айтады: «Осы арнайы жүйе арқылы алақанды жедел түрде босатып, қайта қалпына келтіре аламыз».
Мұхамеджан Кеңесбек өзі қолға алған Kazbionics жобасы аясындағы протездерге біздің елімізде ғана емес, жаһандық деңгейде де сұраныс болады деген сенімде. «Бұл протездер арқылы әлемнің кез келген еліндегі ортопедия орталықтарымен серікетстік орната аламыз», - дейді ол.
Ою-өрнегі бар кез келген матадан ұлттық нақышта киім тігетін болдық
Өнертапқыштың айтуынша, бұл протездер әйелдерге не ерлерге арналған деп бөлек-бөлек категорияларға бөлінбейді.
«Бионикалық протездерді біз адамдардың жасына шақтап жасаймыз, мысалға, 6 жастағы балалардан бастап. Ерлерге не әйелдерге деп бөлмейміз, барлығында бір функция ескерілген. Бір протез жасауға ең көп дегенде бір апта кетеді. Қазір бір протезді бір күнде жасап шығаруға машықтанып жатырмын. Жұмыс 3000 АҚШ долларына бағаланады, бұл шетелдік өндірушілердің өнімінен 15 есе арзан. Біз үшін басты ұстаным: «адамдардың игілігі үшін». 2024 жылы бионикалық протездің альфа нұсқасын аяқтаймыз. Содан соң ҚР денсаулық сақтау министрлігінен сертификат алып, патентке жіберуді жоспарлап отырмын», - деп қосады Мұхамеджан Кеңесбек.
Qalan.kz: Кәсіпкер болсам да, математика пәнінің мұғалімімін
Qalan.kz математикадан интерактивті онлайн порталының негізін қалаған Асқар... →
«Тіл жағынан менде ешқандай қиындық жоқ, өйткені, біздің командада қазақ, орыс, үнді, американдық та бар. Шыны керек, бұған дейін жобаны орысша қорғап келдім. Алайда, мен туып-өскен өңірде қазақ тілі негізгі тіл, мен үшін өзімнің ана тілім ең ыңғайлы тіл. Форумға 15 күн қалғанда қарсыластарымды бір бақылап шықтым. Қарасам, ешкім жобасын қазақша қорғамайды екен. Жобамды ана тілімде қорғасам, артықшылық болатынын сездім. Ал өзге елдерден келген азаматтарға түсінікті болуы үшін, презентацияны орысша әзірлеп, ұсындым», - деп әңгімелейді Мұхамеджан Digital Bridge 2023 форумын еске алып. Бионикалық протездер ойлап тапқан қазақстандық жас өнертапқыш Мұхамеджан Кеңесбек әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың қатарына кіруді мақсат етеді. Протездеу саласы бойынша елімізде жетекші кәсіпорын ашу жоспары да жоқ емес. Осы мақсатқа жету үшін ол бүгін технологияларға негізделген жобаларға белсенді қатысып, заманауи инновациялық жобаларды әзірлеп, енгізу жолында жұмыс істеп жүр. Алдағы уақытта ол отандық нарықта сенімді серіктестер тауып, бизнес- қоғамдастықпен өзара сенім мен ынтымақтастыққа құрылған байланыс орнатуды көздейді, сондай-ақ, еліміздегі және әлемдегі инновациялық іргелі компаниялармен бірлесе әрекет етуден де үмітті. Фотосуреттер кейіпкердің өз рұқсатымен жеке архивінен алынды.
