Ою-өрнегі бар кез келген матадан ұлттық нақышта киім тігетін болдық
Жаһандану процесі аясында әрбір елдің ұлттық құндылықтары мен дәстүрі тысқары қалуда.Мұндай құбылыс Қазақстанда да байқалып жатады. Десек те, республикамыздың әр өңірінде ұлттық құндылықтарға ерекше мән беріп, ата кәсіпті сақтап қалуға үлес қосып жүрген қолөнер шеберлері де жоқ емес.
Таныс болыңыздар: Уалиева Жұлдыз Оралханқызы, Өскемен қаласының тұрғыны, 49 жаста. Құрақ көрпе тігумен айналысады. Туындылары АҚШ, Пәкістан, Норвегия, Бельгия, Словения елдеріндегі қазақ үйлерінің төрінде бар. «Мемлекеттік қызметтен кеттім» «Қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарына деген қызығушылығым бала кезімде оянған. Алаша, тұскиіз, сырмақ, құрақ көрпе сияқты заттарды көргенде өрнегін, түсін, материалын ұзақ қарап отыратынмын. Апам тойлардан әкелген түрлі жыртыстардан үйлестіріп көйлекке өңір тіккенде, жанында тапжылмай, қарап отыратынмын. Ол кісі көйлегін өзі тігіп киетін және алқымының астына өңір тағып жүретін. «Тірлікте әйел адам айналасындағылардан қарызға бір сабақ жіп пен ине алмай тұрмайды, соның өтеуіне деп мен өлгенде осы өңірлерді кемпірлерге таратасыңдар» дейтін. Тұрмыс құрғаннан кейін өз үйіме қажетті майда-шүйде заттарды тігіп жүрдім. 2014 жылы мемлекеттік қызметтен кеткен кезде бос уақытымда құрақты қайта қолға алдым. Материалдарды зерттеп, көргендерімді қайталап тіге бастадым. 2018 жылы Инстаграм желісінен Қазақстан Қолөнершілері одағының мүшесі, ЮНЕСКО-ның «Сапа» белгісінің иегері Гүлмира Уалиханқызының қолынан шыққан дүниелерді көріп, қатты қызықтым. Сұрастыра келе, ол кісінің офлайн сабақтарының барын білдім. Сөйтіп, 2018–2019 жылдары ол кісіден екі рет сабақ алдым», - деп әңгімелейді қолөнер шебері Жұлдыз Уалиева. Жұлдыз Уалиева Жұлдыз Оралханқызы өз туындыларын жеке шеберханасында тігіп шығарады. Тәрбиелеп отырған үш шәкірті де бар. Тігетін заттары алуан түрлі: төсек жапқыш, құрақ көрпе, жамылғы көрпе, жастық, қоржын, қыз жасауын салатын жұмсақ сандық, орындықтың бетіне салатын көрпеше, сөмке, т.т. Өскеменде де кәсіп ашып, дөңгелетіп кетуге болады «Қаламыздағы Nietwoman іскер әйелдер қауымдастығы арнайы маман шақырып өткізген ақылы тренингке қатысып, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында бизнес бастау жайлы көп ақпарат алдым. Шамамен 1,5 айдан кейін тренингке қатысушылар арасында бизнес жоспарлар сайысы болды: жеңімпазға кәсібін бастауға 500 000 теңге грант бөлінетіні айтылды. Тәуекел етіп қатысып едім, жолым болып, грант иегері атандым. Сөйтіп, көпбалалы, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған және жалғызбасты аналарды құрақ тігу өнеріне тегін оқытатын әлеуметтік шеберхана аштым. Бұл жердегі басты мақсатым – осы санаттағы аналардың отбасында отырып та табыс табуына жол көрсету және ауқымды тапсырыс түскен кезде өзіме қашықтан көмекші табу еді», - дейді Жұлдыз ханым. Тігінші өз туындыларын жасауда табиғи материалдарды қолданады. Олардың қатарына мақта матасы, жүн кіреді. Қолөнер шеберінен дизайн жайлы да сұрадық. Жұлдыз ханым Ө. Жәнібеков, Е. Қожабаев, Е. Оспановтардың еңбектерінде көрсетілген тарихи жұмыстарды зерделеп, басшылыққа алады екен. Кейбіріне заманауи өзгерістер де енгізген. Тарих пен сәннің ұштасуы «Ертеректе қоржынның қалталары ашық және бір баумен айқастыра байланса, мен әр қалташасы дербес байланып, ішіндегі заттары көрініп қалмау үшін ортақ «қақпақпен» жабылатындай етіп тігемін. Яғни, қоржынның ішіне заттарды салғанда, мысалға, оң жағын толтырып, байлап тастаса, сол жағын толтырғанда оң қалтадағы дүниелер төгіліп қалмайды. «Қақпағын» жауып қойғанда оның дизайны эстетикалық тұрғыдан әдемі көрінеді әрі «қақпақшаға» сан алуан әшекей бұйымдарды түйреп қоюға болады. Сол сияқты, құрақ көрпеге де өзімше өзгеріс енгіздім. Ертеректе әжелеріміз құрақ көрпенің жүн немесе мақта салынған «бидайын» сыртқы қабына көктеп («қабып») тастайтын. Пайдалану барысында тысы кірлейтінін ескеріп, мен құрақ көрпенің тысына сырғымалы ілгек салып тігемін, тек ішкі «бидайын» ғана қабимын. Тысы кірлеген жағдайда оны оңай шешіп, жуып, үтіктеп, қайта қаптауға қолайлы», - деп түсіндіреді шебер маман құрақ көрпеге тән ерекшеліктерді. Айтып өткеніміздей, Жұлдыз ханым шет елде тұратын қандастардан да тапсырыстар алады. Бүгінде тігіншінің қолынан шыққан заттар АҚШ, Пәкістан, Норвегия, Бельгия, Словения сияқты мемлекетте тұратын қандастарға жөнелтілген. Тапсырыстарының географиялық аумағы кең болуына әлеуметтік желі көмектескен. Біз құрақ-көрпелердің бағасын да сұрап білдік. Тігінші өз кәсібін бастаған кезде 25–30 мың теңге деген бағаны ұстанған. Алайда, тәжірибе артып, сұраныс көбейген сайын, баға да өскен. Қазір бұл баға 45 мың теңгені құрайды. Америкалық мақтадан тігетін жұмыстардың шаршы метрі 30 мың теңге болса, қазір 40 мың теңге. «Соңғы жылдары құрақ көрпелер көптеп сатылуда әрі сұраныс та артып келеді. Дегенмен, конвейерден шыққан арзанқол дүние мен сапалы қолөнер туындысын салыстыру қате. Әр заттың өз сатып алушысы бар. Біреулер қолы жеткенді қанағат етсе, біреулер нағыз қазақылықтың «исі аңқыған» сапалы, тарихы мен энегретикасы бар дүниелерді іздеп жүріп тапсырысқа жасатады. Дизайнының күрделілігіне сай бір құрақ көрпені тігуге 3–5 күндей уақыт кетеді. Ең басты қиындық – межелеген материалдарды табу және олардың бағасы. Менің тіккен заттарымның құнына әсер ететін факторлар: матаның, фурнитураның, мақта мен жүннің бағасы, оларды тасымалдау құны, шеберханамның жалға алу құны және салықтар», - дейді Жұлдыз Уалиева. Қолөнер кәсібі қаншалықты тиімді? «Меніңше, бизнес тұрғысынан алғанда қолөнерді кәсіп деп емес, екінің бірінде бола бермейтін өнер деп баға берген дұрыс және де оны аз уақытта, бірден мол пайда әкелетін табыс көзі деп қарастырмау керек. Қолөнер бұйымдарын ұлтымыздың ерекшелігін айқындайтын құндылық тұрғысынан бағалау маңызды. Тағы бір айта кететін нәрсе – өкінішке қарай, салық органдарындағы жеке кәсіптер тізімінде қолөнер саласы жеке қарастырылмаған. Соған сәйкес, бірлі-жарым дүние жасайтын қолөнерші мен конвейерден өнім шығарып отырған тігін цехтары бір ставкамен салық төлейміз», - дейді қолөнер саласының өкілі. Тігіншінің өкініші немесе ою-өрнектің құнсыздануы «Өкінішке қарай, ұлттық қолөнер бұйымдарына деген қызығушылық пен оны бағалау Қазақстанның әр аймағында әрқалай. Жаһандану заманы келгелі жастар бұл бұйымдарды қажет деп таппайды. Және бір өкінішті нәрсе – кез келген затқа, оның мағынасына мән бермей, қолға түскен оюды жапсыра салады. Тағы бір мәселе – ою-өрнектің суреті бар кез келген матадан ұлттық нақышта киім тігу көбейіп кетті, оның бір мысалы – бүгіндері базарларда саудаланып жүрген шапандар мен корсеттер. Заман талабына сай дүниені ұлттық қолөнермен ұштастырғанның өзінде, Қытайдың жиһаз қаптауға арналған матасынан тігілген «корсет» деген зат еш ақылға симайды. Сондай-ақ, интерьерлік заттар тігуге арналған түріктің DUC матасы да ұлттық киім өндірісінде көп пайдаланылады. Ондағы оюдың, өрнектің мән-мағынасына көңіл бөліп, ойланып жатқан ешкім жоқ. Бүгіндері сәнге айналған тақиялар туралы да айтқым келеді. Тарихымызға үңілсек – тақияны ер азаматтар мен тұрмысқа шықпаған жасөспірім қыз балалар ғана киген. Бой жеткенге дейін тақия мен бөрік кисе, ұзатылғанда – сәукеле, барған шаңырағында орамал, балалы болғаннан бастап кимешек киген. Жас келіншектер күнделікті тұрмыста тақияға ұқсас, арт жағында иыққа дейінгі аралықты жауып тұратын шашақты, қасаба деген бас киім киген. Киім-кешекке «Өссін, өнсін, шөп сияқты көп болсын» деген ниетпен қашан да өсімдік тектес өрнектер қолданылған», - деп әңгімелейді қолөнер шебері. Тігіншінің кеңесі «Жас тігіншілерге айтарым: егер тігін саласын ұнатқан болсаңыз, өз ісіңізге адал болыңыз. Шебер бір күнде шебер болмайды. Қиындықсыз сала жоқ. Кез келген кәсіп күн сайын шыңдалып, толығады. Шеберлікті арттырудан жалықпаңыз. Соған сәйкес тіккен бұйымдардың сапасы да жақсарады, құны да артады. Білімді толықтырып, жаңа материал, дизайнды іздеп жүру керек», - дейді отандық қолөнер саласының шебері Жұлдыз Уалиева. Фотосуреттер кейіпкердің рұқсатымен Instagram парақшасынан алынды