Халықтың несиеге батуы тұрмыс пен кәсіпке қалай әсер етеді?
Әдетте кез келген жұмыс іздеуші бірінші кезекте жалақы көлемін сұрайды. «Жалақым несиемді төлеуге жете ме?» деген сұрақ мазалайды өйткені.
Психолог мамандар мұны несиесі бар адамның өмір салтын несиесіне сай ыңғайлайтынымен байланыстырады. Осылай ойлайтын топтың қарасы қалыңдап бара жатқанына ресми дерек те растайды: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіне сәйкес, елімізде несиесі бар адам саны 7 миллионға жеткен. Республикамызда еңбекке қабілетті 9 млн адам бар десек, соның 7 миллионы несие алған болып шығады. Осы 7 миллионның 2 мил-лионға жуығы несие өтеу мерзімін 90 күннен асырып жіберген. Ал жалпы, қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктер мен микронесие ұйымдары алдындағы қарызы 15 триллион теңгеден асқан. Есіңізге салайық, Қазақстан Республикасының қазіргі кездегі мемлекеттік бюджеті де 15 триллион теңге. Несиеге байланған маманның «портреті» Жуырда Qalam қоры жариялаған зерттеу назарымызды аударды. Бұл зерттеу шеңберінде сауалнамаға жауап берген 2 мың-нан астам жастың 90 пайызы несиесі мен бөліп төлеу арқылы жасаған саудасы, достары мен туыстарынан алған қарызы барын айтқан. Бұл ақшаны олар тұрмыстық техника, смартфон мен гаджет алуға жұмсаған. Сауалнамаға қатысқандардың жартысы несие қарызын жалақысынан өтеуді жоспарласа, 10,4 пайызы қосымша жұмыс арқылы өтемек. Ал әрбір оныншы респондент қарызын қалай өтейтінін білмейді, нақты жоспары да жоқ. Мемлекет пен бизнес арасында теңдей серіктестік болуы мүмкін бе?Кәсіпкерлік ел дамуының негізгі серпіні деген пікір қоғам санасында барған ... →
«Олардың үлесі 25,6 пайызды құрауы Ұлттық банкті алаңдатуы керек. Бұл несие беру стандарттары мен тәсілдерін қайта қараудың уақыты жеткенін білдіреді. Өйтпеген күнде «несиесін қалай қайтаратыны туралы жоспары жоқтардың» құнын адал қарыз алушылар, банктер мен мемлекет төлейді» дейді Qalam қорының жетекшісі Қарлығаш Еженова. Бұл — жастарға қатысты зерттеу. Ал несие алушы контингент арасында барлық жастың өкілі бар. Десе де, осы зерттеудің өзі біздің елдегі несиеге тәуелді топтың портретін жасауға жетіп жатыр. Несие үстіне несие алу, мысалы, баспананы ұзақ мерзімге ипотекаға, автокөлікті несиеге, ал жиһазды бөліп төлеуге алу кез келген адамға ауыртпалық түсіреді. Психолог мамандар мұндай қаржылық ауыртпалық адамның психологиялық жағдайына кері әсер ететінін, тіпті қарыз алушының жан дүниесін өзгертіп жіберетінін айтады. Иә, алғашқыда несие алушы үшін 1–2 шағын несие психологиялық жағдайға әсер етпейді. Несиелердің психикаға әсері ұзақ мерзімді борыштық міндеттеме алғанда, сондай-ақ несие алғаннан кейін жұмысынан айырылу, табыссыз қалу сияқты қиындыққа тап болғаннан кейін басталады. Сондықтан да несиесі бар адам үнемі қорқыныш сезімімен өмір сүреді. Ол бірінші кезекте төлем қабілетінің нашарлауынан, жұмыстан айырылып қалудан, несие берген мекеме өкілдерімен кездесуден қорқады. Бұл тұрақты күйзеліске алып келеді. Мемлекет пен бизнес арасында теңдей серіктестік болуы мүмкін бе?Кәсіпкерлік ел дамуының негізгі серпіні деген пікір қоғам санасында барған ... →
Несие қарызын өтеу мерзімін өткізіп алған адам үнемі қысымды сезінеді, несиені өтеу тек өзіне ғана байланысты болса психикасы күрделене түседі. Ондай адамның басқалармен қарым-қатынасы нашарлайды. Адам тұйықтала береді, басқалардан аулақ жүреді. Достарымен кездесуден қашады, өйткені ақша жұмсауға мәжбүр болатынын біледі. Осыдан келіп несие қарызы бар адам барлық байланысты тоқтатады. Жақын адамдарымен қарым-қатынасы нашарлайды. Тұрақты стресс жағдайында жұмыс істейтін ағза қалпына келуді тоқтатады. Қанда адреналиннің жоғары деңгейі сақталады, бұл иммун жүйесінің жұмысына кедергі келтіреді. Мұндай жағдайда адам вирус пен бактерияның барлық түріне осал болады. Күйзеліс салдарынан қиын жағдайдан шығу қабілеті жоғалады. Кез келген кішкентай нәрсе тепе-теңдікті бұзуы мүмкін. Көптеген адам ұйқысыздыққа шағымдана бастайды. Демалыстың кез келген минуты кінәлі сезім тудырады, адам бұл уақытта қарызын өтеу үшін жұмыс істей алатын едім деп ойлайды. Мұндай жағдайда адам не болып жатқанын ажырату үшін алкогольге немесе есірткіге жүгінеді. Адам өзін нашар сезініп, ауыртпалықтан құтылу үшін бәрін жасауға дайын тұрады. Бірақ — бұл шешім емес. Психологтар несие қарызына батқан адамның портретін осылай сипаттайды. Сонымен бірге, несие алушылардың арасында несиенің пайдалы тұсы бар деп санайтындар кездеседі. Бизнес-тренер Салтанат Әскербекқызы мұны өз тәжірибесіне сүйеніп баяндайды: «Алғашқы ипотекада тәжірибесіздігімнен қатты қиналдым. Ипотекам 235 доллар, жалақым 230 доллар, ашқұрсақ жүрген кезім көп болды. Екі мыңыншы жылдар басында ипотека банк белгілеген валютамен берілетін. Адамдар ипотеканы доллармен алып, доллармен төлеуге мәжбүр еді. Теңгенің долларға бағамы өскен сайын қатты қиналатынбыз. Сондықтан несиені тезірек жабуым керек деп өз денсаулығымды күтуді ұмыттым. Әрине, бұл дұрыс емес еді. Адам әуелі өзіне экологиялық тұрғыда қарауы қажет, өзін жақсы көруі керек екен. Өзіңді жақсы көру дегеніміз — бірінші кезекте өз жағдайыңды жасау. Мәселен, ұшақта апаттық жағдай болса «әуелі өзіңді құтқар, сонда ғана басқаларға көмектесе аласың» дейді емес пе стюардесса… Мен үш ипотека жапқанымды көп айта бермеймін. Біріншісі денсаулығыма ауыр тигенін әлгінде айттым. Дегенмен әр несиенің өз себебі, шешімі һәм маған шексіз берген пайдасы бар. Біріншісі, шағын квадраттағы еркіндік пен бақыт: студент кезде, одан кейін пәтерден пәтер жалдап кезгенде қиналғанымызды айтудың өзі артық. Ал үйіңе келгенде жаның жадырап сала береді. Жоғары табысқа ұмтылу: басында тек несиеме жетсе дедім. Кейін артылғанда мақсатсыз болса да, жинадым. Бірінші ипотека кезінде жиғаным, екінші пәтер алғанға көмек болды. Анализ жасауды үйрендім: мүлік нарығын, банктар шартын меңгердім. Мысалы, ипотеканың аннуитеттік және тең үлеспен төлейтін екі түрі бар. Ануитетте бірінші кезекте пайызды төлетеді. Ал тең бөліп төлеуде пайыз бен несиені тең төлетеді. Мұны банк менеджерлер несие алушыға айта бермейді. Ақша жинау әдеті қалыптасты: табысты жұмсарда оңы мен солын өлшеп, артығын шашпайсың. Үнемделген ақшаны көргенде, іштей қуанышқа бөленесің. Несиені ерте жабу әдеті басқа шаруама да себін тигізді — кез келген істің тиімдісін іздеймін. Ол жоғары айлыққа ұмтылыс емес, өзінше күшті әдет. Себебі қандай мүмкіндік бар деп кез келген мәселеде өмірге құштарлық береді. Ебін тапсаң, өмірге дұрыс қарасаң, несие — өмір сапасына әсер ететін қаржы құралы ғана». Бұл алғашқы несиеден кейін тәжірибе жинақтаған адамның мысалы. Көріп отырғанымыздай, несиеден үркудің қажеті жоқ. Қазақстанда бәрі қымбат, несие де Иә, несие бар болғаны қаржы құралы. Қазақстанның кәмелетке толған кез келген азаматы несие алуға құқылы. Сондықтан адамның аса қажет тауар мен затты несиеге немесе бөліп төлеу тәсілімен сатып алатыны қалыпты жағдай. Алайда дәл осы несиені айта бастасаң, төбе шашы тік тұратындар әлі көп. Неге? Экономист Бауыржан Ысқақов мұның себебін несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесінің жоғары болуынан іздейді. «Заң бойынша екінші деңгейлі банктер жылдық пайыздық мөлшерлемені 56 пайызға дейін көтеруге құқылы. Пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы мүдделер қақтығысына байланысты, банк мүддесін қорғайтын, қолдайтын топтардың әрекеті деп санаймын. Бірақ қарапайым халық одан бейхабар болған соң несие алмай отырмайды. Уақыт өте келе түрлі себеппен жұмыстан шығып қалады, денсаулығы сыр береді, төлем қабілеті төмендейді. Содан алаңдаушылық туғызады» дейді сарапшы. Экономист сөзін әріптесі Мақсат Халық та қуаттайды. «Несиені төлей алмай жүргендер арасында шағын несие ұйымдарынан несие алғандар да бар. Олар кезінде пайызы өте жоғары «ақшаматтардан» несие алғандар, бұл жүйе алғаш пайда болғанда пайызы өте жоғары еді, тәулігіне 2–2,5 пайыздан есептелді! Сонда жылына шаққанда 100 мың теңгені 600 мың теңге етіп қайтаруды міндеттеген мысалдар бар. Бұл несие түрін негізінен жастар жиі алды. Шағын бизнесті тексеруге жарияланған мораторийді пайдаланғандар жеке кәсіпкерлік немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік субъектісін тіркеп, Қаржы нарығын реттеу агенттігінен лицензия алмай несие бере берген. Кейін агенттік бұл ұйымдарды тексеріп, лицензиясын тартып алды» дейді ол. Әлеуметтанушы Рамазан Салықжанов біздің елдегі несие алушыларды басын бәйгеге тігушілер санатына қосады. «Қуатты экономикасы бар елдерде несие жүйесі қаржының жаңа көзін табуға көмектесетін маңызды құрал. Біздің жағдайымызда олай емес, өйткені несие де, ипотека да қымбат. Мұндай жағдайда несие алушы үлкен тәуекелге барады, өз басын қатерге тігіп, несиесін өтеуге тырысады. Иә, басын бәйгеге тігеді, себебі бірнеше жұмысты қатар істеп, несие төлеу үшін жанталасқан адамның денсаулығы, психикасы нашарлайтынын ұмытпауымыз керек. Қазіргі күні несиені уақытында қайтара алмағандар үшін жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң бар. Бірақ бұл заң несие төлей алмағандардың бәрін банкрот деп тани бермейді. Банкрот деп танығаннан кейін де несие алушыға қойылатын қатаң талабы тағы бар. Бұл заң туралы халыққа толыққанды ақпарат жетпей отыр. Мәселесін шешіп беретін заңнан хабарсыз адам несие төлеуден қаша жүріп, денсаулығын құртады, жүйкесі сыр береді, тіпті өзіне қол жұмсауы да мүмкін» дейді Рамазан Салықжанов. Оның айтуынша, дүниежүзілік нормаға сәйкес несие төлемі айлық табыстың 25 пайызынан аспауы керек. Ал қазақстандықтар жалақысының басым бөлігін несие төлеуге жұмсауға мәжбүр. Мұндай борышкерден азаматтық белсенділік, саяси ұстаным, рухани өсу талап ете алмайсыз. Олар бірінші кезекте жұмыстан шығып қалмауды ойлайды. Сол үшін басшылыққа, билікке қатысты ойын ашық білдіре бермейді. Жұмысы ұнасын-ұнамасын, жалақысы үшін ғана бәріне төзіп, көніп жүре береді. Жоғары пайыздың әлеуметтік астары зерттелсе… Сөз басында білікті маман және несие туралы айтамыз дедік. Бұл екі ұғымның арасындағы байланыс сол — болашағынан үміт күттіретін кадрлар несие қарызын жабумен әуре. Олар біліктілігін арттыру үшін уақытын қимайды. Ол уақытта несие жабатын жұмыс істесем дейді. Ал егер біліктілік сертификаты талап етілетін салада еңбек етсе, табыс табатын уақытын ысырап еткенше сертификатты сатып алайын деп шешім қабылдауы кәдік. Бұл жемқорлықтың туындауына себеп болады. Сондықтан да несиесі бар жеті миллион адамның бір бөлігін, яғни қарызын төлей алмай жүргендердің мәселесін заң шеңберінде шешудің маңызы зор. Біз сөйлескен экономистер бұл ретте Ұлттық банк белгілейтін жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемені азайтуды ұсынды. «Жылдық пайыздық мөлшерлемені 56‑ден 30 пайызға шегеруді ұсынып жүрмін. Бұл шекті шағын несиелеу ұйымдарына да қолдануға болады. Батыс елдерінде 56 пайыз деген мөлшерлеме жоқ. Несие батыста 3–4 пайызбен ғана беріледі. Халыққа берілетін несие карталарының пайыздық мөлшерлемесі 1–2 пайыз ғана. Біздегі пайыздық мөлшерлемеге қарап, банктердің әрекеті адамгершілікке қарсы ма деп қаламын. Себебі суицид, әлеуметтік шиеленіс туғызып жатқан ситуациялар, көптеген отбасының ажырасуы несие қарызын қайтара алмаудан да болады. Сондықтан жоғары пайыздың әлеуметтік астары терең зерттелуі керек» дейді Мақсат Халық. Бауыржан Ысқақов екінші деңгейлі банктердің несие портфелінің 70–80 пайызының тұтынушылық несиеге тиесілі екенін сынға алды. «Дамыған елдерде несие портфелінің 70–80 пайызы бизнеске беріледі. Сол арқылы халықты жұмыспен қамтамасыз етеді, нәтижесінде халықтың төлем қабілеті көтеріледі. Салыққа түсім көбейеді. Бізге де осындай әрекет керек. Ал тұтынушылық несиені алуда саналы түрде шешім қабылдау үшін халықтың қаржылық сауатын арттыру маңызды. Сонда 3–4 сағаттық той мен қымбат телефон үшін несие алу азаяды. Халық мұндай несиенің экономикалық тиімділігі жоқ екенін түсіне бастайды» дейді сарапшы. Ал психологтар не дейді? «Қаржылық сауаты жоқ адам несие алуға барғанда бірінші кезекте өз қажеттілігін қанағаттандыруды ғана ойлайды. Бір несиенің үстіне екіншісін, одан кейін үшіншісін ала береді. Бірнеше несиеге байланып қалғанын, несие төлеу шегіне жеткенін байқамайды. Егер қаржылық сауаты болса, несие алмас бұрын есеп-қисап жасап, жоспар құрар еді» дейді педагог-психолог Айгүл Құсайынова. Сондықтан ол қаржылық сауаттылықты мектепте пән ретінде енгізуді ұсынады. Бала мектеп қабырғасында несие алудың жауапкершілігін біліп өседі. Ал дәл қазіргі кезде несиесін төлеуден қиналып, жұмысында берекесіздікке тап болғандар үшін психологтар жұмыс жоғалту қорқынышына, теріс ойларға көңіл бөлуді тоқтатып, қарызын өтеудің тиімді жолын қарастыруды ұсынады. Әрине, бірінші кезекте үнемшіл болу: күн сайын ең аз соманы үнемдеуге тырысу. Банк қызметкерлері мен коллекторлардың құрметсіз қарым-қатынасына тап болғанда, ішкі абырой сезімін сақтау және манипуляцияға, ашуландыруға және қорлау әрекетіне жауап бермеу. «Олардың банк клиентін қорлауға құқы жоқ екенін біліңіз. Егер коллекторлар өзіне қауіп-қатер мен теріс мәлімдемеге жол берсе, сіз ол туралы шағымдана аласыз және мұны міндетті түрде істеуіңіз керек. Банкке хабарласып, жағдайды түсіндіріп, мәселенің шешімін бірге табуға тырысыңыз. Мысалы, кейінге қалдыруды сұраңыз. Несием бар деп демалудан бас тартуға болмайды. Миға үзіліс беріңіз. Өз өміріңізге жауапкершілік алыңыз, экономикалық жағдайды, отбасын, жұмыс берушіні кінәлауды доғарыңыз. Өз өміріңізді басқаратын жалғыз адам өзіңіз екенін қабылдаңыз. Осындай позицияда ғана қиын қаржылық жағдайдан шығуға көмектесетін жаңа мүмкіндіктер ашылады» дейді Айгүл Құсайынова. HR-қызметінің несие тарихына «қызығушылығы» артқан Бірінші несие бюросының мәліметтеріне қарағанда, соңғы кездері жұмысқа қабылдау барысында несие тарихына назар аударатын бизнес-құрылымдар саны артып келеді. Қазақстан заңанмаларында жұмыс берушінің қандай бір бос орыннан үміткердің несие тарихын тексеруге тыйым салынбаған. Алайда, тексерілетін адамның алдын-ала келісімін алуға міндетті. Біріншіден, жұмыс берушілер бұл тәсіл арқылы болашақ қызметкердің дисциплинасын анықтағысы келеді. Екіншіден, материалдық жауапкершілік көп жүктелетін маманның сұғанақтық жасау тәуекелдерін бағалауға осы көрсеткішті қолданады. Айта кету керек, кейбір жағдайларда несиеңіздің бар болуы сіздің жұмысқа орналасуыңызға көмектесуі де мүмкін. Себебі, қазіргі заманға HR-мамандары ұзақ мерзімді несие алып, оны тұрақты төлеп отыратын адамдарды — жұмысына да жауапты әрі несиесін төлеп отыру үшін тұрақты (яғни жұмыс берушіге белгілі бір дәрежеде тәуелді) қызметкер санайды. Бір жағынан мұның бәрі жаңалық емес. Бұрынғы кеңестік кадр қызметі тәсілдерінен дамыған батыстың HR жүйесіне іс жүзінде ауысып жатқанымыздың көрінісі ғана. Сондықтан, есіңізде болсын, жұмыс ауыстырғанда, әсіресе ірі кәсіпкерлік құрылымдарына қызметке тұрар сәтте несие тарихының да қаралуы мүмкін екенін ескеріңіз…