Қазақстандық стартап: дронды қашықтан басқаратын әлемдегі алғашқы киберспорт
Абылайхан Жақанов Game of Drones платформасының негізін 2018 жылы қалаған. Мектептерге және кәмелет жасына толмаған балаларға арнап – зиянды ақпаратты сүзгілеу бойынша жұмысын аяқтағаннан кейін, ол сол жобадан артылған ресурстарды қалай пайдалануға болады деген ойға тоқталған.
«Менде соңғы жобадан қолданылмай қалған мың шақты біртақталы компьютер қалды. Қазақстан үшін спецификалық мәні бар техника болғандықтан, оны қалай да пайдалану керек деп ойладым. Осы сәтте біртақталы компьютерге камера мен дрон жалғау арқылы Game of Drones деген ойын шығару ойға келді. Дрон индустриясын зерттеп, дереу бизнес жоспар құруға кірістім», - дейді Абылайхан мырза. SMG ұлттық брендінің негізін қалаушы: Етікші болу ұялатын кәсіп емесҰлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2023 жылы елімізде сатылған ... →
Game of Drones ойынының әлемдегі басқа да дрон жобаларынан айырмашылығы – қашықтан басқару мүмкіндігі әрі ол киберспорттың бір түрі. Киберспорт – компьютерлік немесе электронды спорт. Бұл жерде белгілі бір спорт түрінен компьютер не телефон секілді девайстар қолдану керек. Ал дәстүрлі форматтағы дрондармен өтетін сайыстарда ойыншының сол жерде болуы шарт. Абылайхан мырзаның айтуынша, оның командасы дайындайтын дрондарды үйде отырып-ақ интернет арқылы басқаруға болады. «Дрондарға қатысты киберспорт индустриясы әлі қалыптаса қойған жоқ. Оны біз бастап жатырмыз десек, артық айтпаспын. Әрине, дүние жүзінде дронға қатысты әртүрлі жарыстар өтіп жатады. Бірақ олардың барлығы радиобасқаруға негізделген, сондықтан оларды киберспортқа жатқыза алмаймыз. Біразы көз тартатындай шоу және спорт араласқан бағдарлама түрінде. Ал біздің жобада дронды қозғалысқа келтіру үшін радиобасқару қажет емес, тіпті дронның қасында болу да шарт емес. Қашықтан, яғни үйіңізде отырып та шынайы робот арқылы қозғалысқа келтіре аласыз. Бұл ойындағы эмоциялық сезімдер де шынайы. Компьютерлік ойындарда тек пиксельден құралған бейнені көресіз және оның түбінде қолдан жасалған графика жатыр. Ал біз киберспорт шеңберінде шынайы сезім беруге тырысамыз. Бұл салада біз Қазақстанда да, әлем бойынша да алдыңғы қатарда келеміз деп айта аламын», - дейді Абылайхан Жақанов. Елестетіңіз, кез келген жерде отырып, телефон, компьютер немесе ойын тіркемелері арқылы шынайы дронды сағатына 200 шақырым жылдамдықпен онлайн басқаруға болады. Ал Абылайхан мырзаға елестетудің қажеті жоқ, оның командасы бұл идеяны іс жүзінде жүзеге асыруда. Абылайхан Жақанов Фото: жеке архивтен «Анығын айтқанда, біздің өнімге осыншама қызығушылық болады деп күтпеген едік. Техникалық жағынан алып қарасақ, елеулі жылдамдықпен келе жатып, бейне сапасын жоғары етіп жеткізетін объект жасап шығардық. Инженерлік жағынан да маған ұнайтын нәрселер көп. Біз әртүрлі модельдер мен материалдарды тексере келе, ақаулар мен қателіктерге төзімділікті арттырдық. Сонда бізде процесс барысында бұзылып қалмайтын ойын пайда болды», - дейді ол. Абылайхан Жақановтың командасында 20 шақты адам бар. Бірақ команда бірден жинала қоймаған. Индустрияны зерттей жүріп, Абылайхан инженерлерден көмек сұрайды. Уақыт өте, оған көмектесіп, дрон жасауға атсалысқан мамандардың бірқатары осы жобаға қызығушылық танытып, енді, міне 3–5 жылдан бері команда мүшесі атанған. Game of Drones ойынын жасаушы команда Фото: жеке архивтен «Біздің команда мүшелері аппарат құрылғыларымен жұмыс істейтін, яғни hardware инженерлер. Темір-терсекпен жұмыс дегеніміз – әртүрлі материалдардың қаншалықты берік, төзімді екенін, темір қандай жағдайға жарамды, суыққа не ыстыққа қалай әсер етеді деген теориялар мен гипотезаларды тексеру. Өндіріс жұмыстары жайлы айтар болсақ, жобалаушылар трасса өлшемдерін шығарады. Трасса жасау үщін қандай материал қажет, қай жерде, қандай биіктікте бұрылыс болады дегенді есептейді. Ал электроника мамандары трассаға желі жүргізіп, интернет өтімділігін, оның қанша дронға жететінін қарастырады. Трассаның сәнін келтіретін дизайнерлер мен дронның өзін дайындайтын инженерлер бар. Сонымен қатар, инженерлер апта сайын техниканы тексеріп, мысалы, камера сапасына байланысты есеп беріп отырады. Камера жарықты қалай қабылдайды, битрейт пен сапасын бақылап отырады. Бұл үздіксіз жүріп жататын жұмыс. Жалпы, бізде командадағы әр адам идея тұрғысында болсын, жобаның масштабын кеңейту, техникалық тұрғыдан болсын, жобаны дамытуға өз үлесін қосуда. Тіпті, пәтерлерімізді де зауыт төңірегінен жалдап алғанбыз. Осылайша өз ісімізге толық беріліп кеттік», - деп әңгімелейді жұмыс барысы туралы жоба авторы. Димаш Ниязов: Офицер ретіндегі міндетім – адамгершілік бар екенін көрсетуОн үш жасында ата-анасымен Америкада тұрақтаған Димаш Ниязов – бүгінде АҚШ-... →
Жүзден аса дроны бар бұл платформа қазір өз тұтынушыларын қарсы алуға дайындық үстінде. Жақын арада дрон жарыстары басталмақ. Үміткерлер жұмыс күндері дайындалып, демалыс күндері іріктеуден өтіп, шешуші кезеңдерге жолдама алғандары басты турнирге қатыса алады. «Game of Drones мақсаты – біздің ойында топты жарып шыққан қатысушыларға өздерін жұлдыз сезінетіндей әсер беру, - дейді Абылайхан мырза. - Олар көрермендердің назарына ілігіп, жүлделі сыйлықтарға ие болады. Соның арқасында басқа да қатысушылардың қызығушылығын арттыра аламыз. Жарыс болатын күні қатысушыларға хабарлама жіберіп, ойынды ширек финал, жартылай финал, финал секілді форматта өткіземіз. Олар мәреге жету үшін трассадағы кедергілер мен бұрылыстардан сүрінбей өтуі тиіс. Ал көрермендер бұл ойынның қалай өтіп жатқанын ютуб арнамыздағы тікелей эфир арқылы тамашалай алады. Жоғарыда айтып өткенімдей, осының барлығын үйде отырып-ақ жүзеге асыруға болады, яғни шынайы жерде жүретін немесе ұшу құрылғыларын қолданудың арқасында. Бірақ қолданушылардың біразы ұшатын дрондарды басқаруды әлі толық меңгере қойған жоқ. Әзірге ондай қиындықтар мен шапшаңдыққа дайын емес, сондықтан жерде жүретін көлік секілді роботтар жақсырақ дамыған. Қолданушылар саны көбейген сайын, олардан кері байланыс ала отырып, біз де техникамызды жетілдіреміз, қателіктерден сабақ аламыз. Десе де жобамыздың біраз бөлігі біз ойлағандай орындалып келеді. Дрон арқылы сыйлап жатқан эмоцияға қолданушыларымыздың көңілі толады, әрдайым байланыста болып, олардың пікірін ескеріп отыруға тырысамыз». Абылайхан мырзаның айтуынша, қазіргі таңда әлем бойынша алғанда Game of Drones жобасына ұқсас аналог жоқ. Киберспорт болғандықтан, бұл онлайн ойын, бірақ ойыншының басқаруындағы дрон не басқа да ойын құралы шынайы өмірде қозғалысқа келеді. Қай жерде қозғалады десеңіз, жоба аясында арнайы дайындалған арена іспетті жабық трассалары бар. Команда құрамындағы жобалаушылар осы трассаларды жабдықтаумен айналысады. Яғни, дрон жарысы арнайы трассада өткізіледі, жоба авторының айтуынша, бұл ойын ешкімге қауіпті емес. Жұмыс процесі Фото: жеке архивтен Дрондарды басқаратын киберспорт дисциплинасы өзге нарықтарға да көз тігуде. Әлемнің 14 елінен 8 мың қолданушы жинаған платформа нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейту үшін шет елдерге шықпақ. Бұл командадағы инженерлер үшін де керемет тәжірибе болмақ. «Аймақтағы көрші елдерден бастап, Ұлыбритания, Біріккен Араб Әмірліктері, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-қа дейін жайылдық. Сынақтан өткізуші адамдардың көп бөлігі Қазақстан мен Өзбекстаннан, қалған бөлігі әр елден аз-аздап бар. Одан бөлек, жоспарымызда өндірісті жалғастыруға болатын өңірлер ретінде қарастырып жатқан екі-үш ел бар: өзге де нарықтарды игеріп көргіміз келеді. Тұрғындар санына шаққанда Қазақстан нарығы шағын ғана. Көп ресурс тауып, еліміздің дамуына да үлес қоссақ деген мақсат бар, содан да жоба аясын кеңейтіп, біздің ойын барша әлемге танылғанын қалаймыз. Жоба идеясын бірден жоғары деңгейде орындау оңай соққан жоқ. Себебі дронды қолдан жасап шығаруға арналған цех болмады. Жалпылай алғанда, инфрақұрылым жеткілікті түрде дамымаған. Бастапқы этапта қаржыландырусыз тіпті қиын болды. Өйткені гипотезаларды тексеру үшін ақша керек. Мына антенна дронға дұрыс келе ме, келмей қалса, басқасын сатып алып, оны қолданып көру керек. Жобаның бастапқы кезеңіндегі кедергілерді болдырмау үшін көшкен дұрыс деп санаймын», - дейді Game of Drones негізін қалаушы. Tartu – көшпенділердің дәстүрімен жасалған таңсық ас Команда жоспарына сай, 2024 жылдың наурыз айынан бастап, апта сайын өтіп отыратын дрон жарыстары басталмақ. Жоба авторы бұл кезеңді «турнирге жарна төлеп, дрондарды басқаруға дайындалып, басқа ойыншылармен сайысқа түсетін кез» деп сипайттайды. Былайша айтқанда, ойынға қатысушылар үшін трассаны бағындыратын, ал жоба командасы үшін еңбектің жемісін көретін сәт болмақ. Абылайхан Жақанов, алты жылға созылған осынау қыруар жұмыстың нәтижесі ойынға қатысушылардың да, көрерменнің де көңілінен шығады деген сенімде.